Педагог-ассистент дегеніміз кім? » 180 мектеп
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№180 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7(727) 338-39-07
Есепші бөлімі:
+7(727) 338-38-04
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Педагог-ассистент дегеніміз кім?
25
сәуір
2024

Педагог-ассистент дегеніміз кім?

2019 жылдан бастап білім беру басқармасының ұйғарымымен мектептерге жаңа маман иесін тағайындау туралы шешім қабылданды. Ол маман – педагог-ассистент. Бұл мамандық бойынша педагогикалық білімі және арнайы педагогикалық білімі бар маман жұмыс істей алады. Педагог-ассистентті ПМПК тағайындайды. Бірақ барлық ерекше білімді қажет ететін балаға тағайындай бермейді. 
Педагог-ассистенттің қызметін ұйымдастыру - инклюзивті білім беру процесінің жалпы құрылымындағы ажырамас құрамдас бөлігі. Педагог-ассистенттің негізгі қызметтік міндеті - оқу процесінде баланы қолдау, оған оқу бағдарламасын меңгеруде балаға көмектесу, сонымен қатар ЕБҚ бар балалармен жұмысты ұйымдастыруда мұғалімге көмектесу жатады. 
Педагог-ассистенттің ЕБҚ бар баланы қолдауы педагогикалық практикада жеке бағдарланған, тұлғалық-бағдарланған тәсілдерді жүзеге асыру үшін кең мүмкіндіктер береді. 
Қандай балаларға педагог-ассистент тағайындалады? 
Педагог-ассистент мынадай бұзылыстары бар балаларға бекітіледі:
- партада отыра алмайтын, ары бері жүре беретін, сыныптан шығып кету қаупі бар;
- өздігінен сабаққа дайындала алмайтын, керекті оқу құралдарын таба алмайтын, сынып жұмысына қатыса алмайтын, жазу, оқу қиындықтары бар;
- мінез-құлқында бұзылыстары бар, өзімен-өзі отырып айқайлайтын, жылайтын, жанындағы балаларға кедергі келтіретін, дәптер, оқулықты жыртатын, мұғалімге кедергі келтіретін (сөзін қайталап, жанына жақындаса ұрып, заттарын ақтарып т.б.), түкіретін, терезеге, үстел үстіне секіретін, партаның астына кріп жатып алатын т.с.с ерсі қылықтары бар.
Осы аталған балаларды мектеп ережесіне, сынып тәртібіне бейімдейтін, оқу үрдісіне қатысу дағдыларын үйрететін адамның болғаны қажет. Міне осы жұмысты педагог-ассистент атқарады.
Егер баланың мінез-құлқында айқын бұзылыстары болмаса, тек оқу үрдісінде проблема болса, онда педагог-асситент бірден баламен сыныпқа кіріп отырады. Ал егер балада мінез-құлық бұзылыстары болатын болса, бірден сыныпқа кіруге болмайды. Баламен жеке жұмыс жүргізіп алған жөн. Ол жұмыс психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету кабинетінде жүргізіледі. Бұл жағдайда ең алдымен баламен қарым-қатынас орнатып алу маңызды. Педагог-ассистенттің нұсқауларын, оның үйреткен тәртіп ережелерін орындау. Оның ескертулерін құлақ түріп тыңдай білуге және ұсынған тапсырмаларын қабылдап, орындай білуге үйренуі тиіс. Өйткені жеке сабақта педагог-ассистентпен үйренген дағдыларын бала жалпы сыныпта қолдана білуі керек.
Педагог-ассистент балаға тәртіп ережелерін құрастырады. Сабақта отыру тәртібі, мектеп ішінде жүру, балалардың ортасында өзін ұстау ережелерін балаға күнделікті айтып, визуалда түрде көрсетіп отыру арқылы оның бойына сіңіру қажет. Ереже міндетті түрде күнде оқылады, айтылады. Осылайша бала мектептегі тәртіпті ұстануға дағдыланады.
Ережелерді орындауға машықтана бастаған баланы біртіндеп сыныпқа апаруға болады және жеке сабақта үйренген ережелерді сыныпта көрсетуін педагог-ассистент қадағалайды.
Педагог-ассистенттің ендігі мақсаты бала мен мұғалімнің арасындағы қарым-қатынасты орнату. Өйткені педагог-ассистент оқушының жанында уақытша жүрген көмекші. Ол баланың сыныпта өз бетімен отыруына, сынып жұмыстарына өз бетімен қатыса алуына, мұғалімді тыңдап, оның көмегін, мадағын қабылдай білді үйренуіне барынша күш жұмсауы керек. Оның басты мақсаты - балаға керексіз болып қалу.
Жалпы сынып жағдайында арнайы әдістерді қолдануға болады. Олар – «кіші қадамдар», заттық қызмет пен көрнекі құралдарға, «сөйлеу тілін жандандыру», заттық және ақыл-ой әрекетіне «алдыға қарай жылжу», меңгергенді үзбей қайталау, меңгерілген ұғымды салыстыру және қарама-қайшы қою амалдарын қолдану және т.б. Бұл әдістер сыныптың басқа оқушыларына да оқу материалдарын жемісті меңгеруге септігін тигізеді.
Педагог-ассистенттің міндеттерінің бірі - мұғалімге баланы қабылдауға көмектесу.
Мұғалім бұрын соңды бұндай баламен жұмыс жасап көрмегендіктен бойында қорқыныш, үрей, абыржу сынды сезімге түседі. Сол сәтте жанына қолдау көрсететін, бағыт-бағдар беретін немесе бірлесе отырып мәселені шешетін адам табылса, көңілі орнына түсіп, қорқынышы сейіле түсетіні анық. Педагог-ассистент мұғалімге алдын ала сабақтан бұрын немесе жұмыс соңында келіп, алдын ала келер сабақтың жоспарын, тақырыбын, қолданылатын құралдар мен тапсырмаларды талқылайды. Ондағы мақсат балаға берілетін ақпаратты өзгерту, жеңілдету, қысқарту.
Психолог атағандай, педагог-ассистент сабақ барысында балаға көмектесе отырып, үнемі баламен мұғалім арасын байланыстырып отырады. Мұғалімге баланың жауап беруге дайын екенін немесе тапсырмасын аяқтағанын ыммен білдіріп, мұғалімнің жанына келіп баланың жұмысын көруін қадағалайды. 
Мұғалім міндетті түрде сабақ барысында ерекше білімді қажет ететін балаға кем дегенде екі рет назар аударып, оны тапсырманы жақсы орындағаны үшін, тіпті болмаса жақсы отырғаны үшін мадақтап отыруы қажет. Сол арқылы баланың сабақ оқуға деген, сыныптастарының ортасында отыруға деген ынтасын еселей түседі.


Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: